Елена Рыбакина Бейжің турнирінің финалына шыға алмады
Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина Бейжің WTA 1000 турнирінің финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемнің 22-ракеткасы, ресейлік Людмила Самсоновамен шеберлік байқасты.
Осыған дейін қарсыластар өзара үш рет кездесіп, соның бәрінде ресейлік спортшы басым түскен еді.
Бұл жолы бірінші партияда есеп 4:4 болған мезетте Л.Самсонова алға шыққанымен, Е.Рыбакина таразы басын теңестірді. Тай-брейкте ресейліктің асығы алшысынан түсті – 7:6 (9:7).
Екінші сетте шешуші сәтте Елена қателесіп, қарсыласының брейк жасауына мүмкіндік беріп қойды – 3:6.
Бір сағат 40 минутқа созылған бәсеке барысында Е.Рыбакина 4 эйс жасап, 3 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды. Л.Самсонова 7 эйспен бірге 2 брейкпен (5 брейк-пойнт) көзге түсті.
Л.Самсонова финалда әлемнің 2-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекпен чемпиондық атақты сарапқа салады. И.Швентек жартылай финалда әлемнің 3-ракеткасы, биылғы АҚШ ашық чемпионатының жеңімпазы Коко Гауфты оңай жеңді – 6:2, 6:3.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын каратэші Елена Рыбакинаның әлемнің 1-ракеткасын ұтып, жартылай финалға шыққанын жазған едік.