Елена Рыбакина Бейжің турнирінің үшінші айналымына шықты
Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина Бейжің WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 53-ракеткасы, германиялық Татяна Мариямен бетпе-бет келді.
Бірінші партия тартысты өрбіп, Рыбакина оны өз пайдасына шешті – 7:5. Ал екінші сетте Т.Марияға бір гейм де ұстатқан жоқ – 6:0.
Бір сағат 11 минутқа созылған матчта Е.Рыбакина 9 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың бесеуін мүлт жіберген жоқ. Т.Мария 1 эйс, 1 брейктен аса алған жоқ.
Елена Рыбакина ширек финалға шығу үшін әлемнің 60-ракеткасы, Ресейдің жас жұлдызы, 16 жастағы Мирра Андреевамен таласады. Оны ұтқан жағдайда әлемнің 1-ракеткасы, белоруссиялық Арина Соболенкомен кездесуі әбден ықтимал.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Бейжіңде Азиада чемпионын ойсырата ұтқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық теннисшілер Шанхай мастерс турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады.
Astana Open ATP 250 турнирінің финалына шыққан теннисшілер белгілі болды.