Елена Рыбакина Бейжіңде әлемнің бірінші ракеткасымен ойнайды

Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакинаның Бейжің WTA 1000 турнирінде ширек финалдағы қарсыласы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

рыбакина
Фото: ktf.kz

Әлемнің бірінші ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко үшінші айналымда рейтингте 36-орында тұрған италиялық Ясмин Паолинимен кездесті.

Сағат жарымға жуық уақытқа созылған матчта А.Соболенко 6:4, 7:6 (7:4) есебімен ұтты.

Осылайша Арина жартылай финалға шығу үшін Еленамен таласады.

Бұған дейін қарсыластар бес рет кездесіп, соның төртеуінде Соболенко айласын асырған еді.

Соның ішінде биыл Аустралия ашық чемпионатының финалында белоруссиялық теннисші басым түссе, кейін Цинциннати мастерс жарысында Рыбакина қарымта қайырды. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Бейжіңде 16 жасар ресейлік теннисшіні жеңіп, ширек финалға шыққанын жазған болатынбыз. 

Сондай-ақ Михаил Кукушкин Шанхай мастерс жарысының екінші айналымына өтті.  

Бейбіт Жұқаев Шанхай мастерс жарысының екінші айналымына жолдама алды. 

Соңғы жаңалықтар