Елена Рыбакина Доха турнирінің жартылай финалынан тыс қалды
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина Доха (Қатар) WTA 1000 турнирінің жартылай финалына шыға алмады.

Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 2-ракеткасы, Польша өкілі, Доха жарысының үш дүркін жеңімпазы Ига Швентекпен шеберлік байқасты.
Осыған дейін қарсыластар жеті рет кездессе, соның төртеуінде Рыбакина жеңген еді.
Бұл жолы Швентектің бағы жанды - 6:2, 7:5.
Бір сағат 36 минутқа созылған бәсеке барысында Рыбакина 3 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды. Швентек 1 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды.
Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Анна Данилина ресейлік Ирина Хромачевамен бірге жартылай финалға өте алмады. Олар ресейліктер Мирра Андреева - Диана Шнайдерге жол берді - 4:6, 1:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Түркиядағы жарыстың жартылай финалына өткенін жазған болатынбыз.