Елена Рыбакина қазақстандық жанкүйерлерге алғыс айтты

Қазақстанның бірінші, әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакина қазақстандық жанкүйерлерге алғысын айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Рыбакина
Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші Брисбен (Аустралия) WTA 500 турнирінде өзін қолдаған барша жанкүйерге ризашылығын білдірді. 

«Баршаңызға, әсіресе, қазақстандық жанкүйерлерге мың алғыс. Сіздердің хабарламаларыңызды оқу, әлемнің түрлі елдерінде мінбелерден жанкүйерлерімді көру – маған ерекше қуаныш сыйлайды», - деп жазды Рыбакина Instagram желісіндегі парақшасында.

Елена Брисбен жарысының финалында әлемнің 2-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенконы жеңіп, WTA додаларындағы алтыншы титулына қол жеткізген болатын.

Қазақстандық үздік теннисші осы аптада Аделаиде (Аустралия) WTA 500 турнирінде бақ сынайды. Осы жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген Рыбакина екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 61-орында тұрған испаниялық Кристина Бучамен шеберлік байқасады. Ол бүгін алғашқы айналымда әлемнің 30-ракеткасы, италиялық Ясмина Паолиниді 6:3, 6:3 есебімен қапы қалдырды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын WTA-ның жаңартылған рейтингінде Елена Рыбакинаның 3, Анна Данилинаның 44-орынға көтерілгенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Александр Бублик әлемдік рейтингіде ТОП-30-ға жақындады. 

Соңғы жаңалықтар