Елена Рыбакина Қытайдағы ірі жарыстың ширек финалына өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 9-ракеткасы Елена Рыбакина Нинбо (Қытай) WTA 500 турнирінің ширек финалына шықты. 

Елена Рыбакина Қытайдағы ірі жарыстың ширек финалына өтті
Фото: ҰОК

Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 30-ракеткасы, украиналық Даяна Ястремскаямен ойнады.

Қарсыластар осыған дейін өзара екі рет кездесіп, онда Рыбакина басым түскен еді.

Бұл жолы аса тартысты өткен матчта Елена Рыбакина таразы басын өзіне аудара білді — 6:4, 6:7 (6:8), 6:3.

Екі сағат 51 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 10 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне жазды. Ястремская 8 эйс, 3 брейкпен (7 брейк-пойнт) көзге түсті.

Елена Рыбакина жартылай финалға шығу үшін рейтингіде 104-орындағы аустралиялық Айла Томляновичпен таласады. 

Бұл доданың Елена Рыбакина үшін маңыздылығы сол, WTA чемпиондық кестесінде үздік сегіздікке кірген теннисшілер жылдың қорытынды турниріне жолдама алады. Қазіргі кезде қазақстандық спортшы чемпиондық кестеде 9-орында тұр. 

Осы ретте жолдамадан үміткерлердің бірі, әлемнің 6-ракеткасы, ресейлік Мирра Андреева екінші айналымда күтпеген жерден рейтингіде 219-сатыдағы қытайлық Чжу Линьнан 6:4, 3:6, 2:6 есебімен жеңіліп қалды. 

Чемпиондық кестеде Елена Рыбакинаның алдында, 8-сатыда тұрған италиялық Жасмин Паолини ресейлік Вероника Кудерметованы ұтып, ширек финалға шықты. 

Жылдың қорытынды турниріне ілігу үшін қазақстандық теннисшінің осы жарыста сәтті өнер көрсетуі аса маңызды. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Шевченконың Алматы турнирін жеңіспен бастағанын жазған едік

Сондай-ақ Анна Данилина Қытайдағы турнирдің ширек финалына шықты

Соңғы жаңалықтар