Елена Рыбакина Қытайдағы турнирде Олимпиада чемпионын жеңді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина Қытайдың Шэньчжэнь қаласында World Tennis Continental Cup көрме турнирінде екінші кездесуін өткізді.

Елена Рыбакина Қытайдағы турнирде Олимпиада чемпионын жеңді
Фото: ҚТФ

Кеше қазақстандық теннисші әлемнің 2-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекке 3:6, 3:6 есебімен жол берген еді.

Бүгін Рыбакина әлемнің 11-ракеткасы, швейцариялық Белинда Бенчичпен шеберлік байқасты. 
2021 жылы Токио Олимпиадасының жартылай финалында Елена дәл осы Бенчичтен жеңіліп қалған еді. Токиода швейцариялық теннисші чемпион болса, Рыбакина қола жүлде үшін бәсекеде украиналық Элина Свитолинадан жеңіліп қалған болатын. Бұл жолы қазақстандық спортшы 6:3, 6:4 есебімен басымдылық танытты.

Енді Елена Рыбакина ресейлік Андрей Рублевпен бірге монаколық Валентен Вашеро – И.Швентекпен кортқа шығады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Асылжан Арыстанбекованың Түркиядағы жарыстың жартылай финалында ойнайтынын жазған едік. 

Кеше бір күнде үш ойын өткізген Асылжан Арыстанбекова Анталия (Түркия) ITF W15 турнирінің жартылай финалында румыниялық Сара Виктория Баланға жол берді – 7:6 (7:3), 2:6, 2:6. 

Содан кейін отандасы Іңкәр Дүйсебаймен бірге жұптық сында жартылай финалда марокколық Диае Эль-Жарди – румыниялық Мария Сара Попаға есе жіберді – 3:6, 6:7 (4:7).

Соңғы жаңалықтар