Елена Рыбакина Майами турнирінің финалынан тыс қалды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 2-ракеткасы Елена Рыбакина Майами (АҚШ) WTA 1 000 турнирінің финалына шыға алмады.

Рыбакина
Фото: wtaqataropen.com

Қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкоға қарсы келді.

Әлемнің қос үздігі осыған дейін өзара 16 рет кездесіп, соның тоғызында Соболенко жеңген еді. Биыл Аустралия ашық чемпионатының финалында Рыбакинаның мерейі үстем болса, Индиан-Уэллс турнирінің соңғы бәсекесінде Соболенко қарымта қайырды.

Арина Майамиде өткен жылы жеңімпаз атанса, Елена 2023 және 2024 жылдары финалға дейін жеткен болатын. Бұл жолы бірінші партияда Соболенко 3:1 есебімен алға шыққанымен, Рыбакина сол бойда таразы басын теңестірді — 3:3. Алайда белоруссиялық спортшы тағы бір брейкке қол жеткізді — 6:4.

Екінші сет Рыбакина үшін тіпті сәтсіз басталды — 0:4. Бұдан кейін есепті қысқартқанымен, одан әріге шамасы жетпеді — 3:6. Бұл ойында Соболенко эйсті де көп жасады, допты қабылдаудағы шеберлігі де жоғары болды. Бір сағат 19 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 2 эйспен бірге 2 брейк-пойнтты пайдаланды. Соболенко 9 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың тең жартысын өз есебіне жазды. А.Соболенко финалда әлемнің 4-ракеткасы, америкалық Кори Гауфпен чемпиондық атақты сарапқа салады. Ол жартылай финалда рейтингіде 14-орындағы чехиялық Каролина Мухованы тас-талқан етті — 6:1, 6:1. Финалға шыққан К.Гауфф әлемдік рейтингіде Польша өкілі Ига Швентекті ығыстырып, үшінші орынға көтеріледі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Майами турнирінен кейін ерекше нәтижеге қол жеткізгенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар