Елена Рыбакина Монреаль турнирінің төртінші айналымына өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 12-ракеткасы Елена Рыбакина Монреаль (Канада) WTA 1000 турнирінің төртінші айналымына жолдама алды.

Жарыстың 9-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші үшінші айналымда рейтингіде 52-сатыдағы румыниялық Жаклин Кристианға қарсы келді.
Осыған дейін қарсыластар өзара екі рет кездесіп, бір-бірден жеңіске жеткен еді.
Бұл жолы бірінші партияда Рыбакина Кристианға еш мүмкіндік қалдырмады — 6:0.
Тартысты өрбіген екінші сетте тай-брейкте Елена таразы басын өзіне аудара білді — 7:6 (7:5).
Бір сағат 23 минутқа созылған бәсекеде қазақстандық спортшы 8 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың үшеуін өз есебіне жазды. Кристиан 1 эйспен шектелді.
— Кристиан — мықты қарсылас, онымен ойнау мен үшін әркез оңай емес. Әсіресе, екінші партия қиынға түсіп, ол сәтті өнер көрсетті. Дегенмен жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Уақыт жай болса да, мінбеде қалып, қолдау көрсеткендеріңіз үшін алғыс айтамын, — деді матчтан соң Рыбакина.
Елена Рыбакина ширек финалға шығу үшін рейтингіде 35-орындағы, украиналық Даяна Ястремскаямен таласады. Ол үшінші айналымда әлемнің 11-ракеткасы, америкалық Эмма Наварроны жеңіп кетті — 7:5, 6:4.
Еске сала кетейік, Елена Рыбакинаның Монреаль турнирінің үшінші айналымына жолдама алғанын жазған болатынбыз.