Елена Рыбакина Монреаль турнирінің жартылай финалына өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 12-ракеткасы Елена Рыбакина Монреаль (Канада) WTA 1000 турнирінің жартылай финалына жолдама алды.

Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 28-ракеткасы, украиналық Марта Костюкпен бетпе-бет келді.
Осыған дейін қарсыластар үш рет кездесіп, соның екеуінде Елена жеңген еді.
Бұл жолы бірінші партияда Рыбакина айқын басымдылық танытты – 6:1.
Екінші сетте есеп 2:1 болған мезетте Костюк матчты жалғастырудан бас тартты.
Небәрі 53 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина эйс жасамағанымен, 10 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланып үлгерді.
Елена Рыбакина финалға шығу үшін әлемнің 85-ракеткасы, 18 жастағы канадалық Виктория Мбокомен таласады. Ол ширек финалда рейтингіде 51-орындағы испаниялық Джессика Бузас Манейроны қапы қалдырды – 6:4, 6:2.
Қазақстандық спортшы 24 шілдеде Вашингтонда В.Мбоконы 6:3, 7:5 есебімен ұтқан еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Германиядағы жарыста Скатовтың Попконы ұтып, келесі айналымға шыққанын жазған болатынбыз.