Елена Рыбакина Рим турнирінде АҚШ чемпионына жол берді

АСТАНА.KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 12-ракеткасы Елена Рыбакина Рим (Италия) WTA 1000 турнирінің төртінші айналымына шыға алмады.

Елена Рыбакина Рим турнирінде АҚШ чемпионына жол берді
Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші үшінші айналымда 2019 жылғы АҚШ чемпионы, қазіргі кезде рейтингіде 121-орында тұрған канадалық Бьянка Андреескумен шеберлік байқасты.

Қарсыластар осыған дейін үш рет кездесіп, соның бәрінде Рыбакина жеңген еді.

Бұл жолы канадалық спортшы бірінші партияда екі брейк жасады — 6:2.

Екінші сетте де Андрееску 2:0 есебімен алға шығып, сол басымдылықты сақтап қалды — 6:4.

Сағат жарымға жуық уақытқа созылған матчта Рыбакина 1 эйс жасап, 5 брейк-пойнтты пайдалана алмады. Андрееску 1 эйс, 3 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.

Осылайша, Елена Рыбакина жарыс жолынан шығып қалды. Ол 2023 жылы Римде чемпион атанса, өткен жылы денсаулығына байланысты қатыспаған еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның жұптық сында Рим турнирінің 1/8 финалына жолдама алғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар