Елена Рыбакина US Open турнирінен неге бас тартқанын түсіндірді
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ ашық чемпионатының екінші айналымында франциялық Джессика Поншемен матчқа қатысудан бас тартты.

Дүниежүзілік рейтингіде 143-орында тұрған франциялық теннисші ойнамастан үшінші айналымға жолдама алды. Е.Рыбакина жарақатына байланысты бас тартқанын айтты.
«Биылғы соңғы «Үлкен дулыға» турнирін бұлай аяқтағым келмеген. Бірақ өз денемнің сырын білемін. Жылдың қалған бөлігін мықты болып өткіземін деп үміттенемін. Мені қолдаған және қолдап келе жатқан жанкүйерлердің бәріне алғысымды айтамын. Қалған теннисшілерге табыс тілеймін», - деді Рыбакина.
Осылайша, биыл Е.Рыбакина негізінен ауырып қалуына және жарақатына байланысты сегіз ірі жарысқа қатысудан бас тартты. Соның ішінде Дубай, Индиан-Уэллс, Рим, Берлин, Истборн, Олимпиада, Торонто турнирлері бар. Бұған енді US Open қосылды.
Осындай күрделі маусымға қарамастан, қазақстандық теннисші 2024 жылы WTA 1000 турнирлерінде виннерс санын 600-ге жеткізіп, бұл жөнінен екінші теннисші атанды.
АҚШ ашық чемпионатында Қазақстаннан жекелей сында Юлия Путинцева ғана қалды. Ол үшінші айналымда әлемнің 5-ракеткасы, италиялық Ясмин Паолинимен шеберлік байқасады.
Ю.Путинцева жұптық сында канадалық Лейла Фернандеспен бірге алғашқы айналымда АҚШ чемпионатының бірінші ракеткалары, канадалық Габриэла Дабровски - жаңазеландиялық Эрин Рутлифке жол берді -4:6, 2:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның қытайлық қарсыласын жеңіп, үшінші айналымға шыққанын жазған болатынбыз.