Елена Рыбакина жылдың қорытынды турнирінде екінші рет ұтылды
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанның бірінші, әлемнің бесінші ракеткасы Елена Рыбакина Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өтіп жатқан WTA қорытынды турнирінде екінші матчын өткізді.
Қазақстандық теннисші дүниежүзілік рейтингіде өзінен екі саты төмен тұрған қытайлық Чжэн Циньвэньмен ойнады.
Осыған дейін қарсыластар екі рет кездесіп, Рыбакина жеңген болатын.
Бұл жолы бірінші партияда қытайлық теннисші 4:1 есебімен алға шықты. Рыбакина таразы басын теңестіргенімен, тай-брейк Циньвэньнің еншісінде кетті - 7:6 (7:4). Екіншісінде Елена есе қайырды - 6:3.
Алайда үшінші, шешуші сетте қытайлық теннисші басымдылық танытты - 6:1.
Екі сағат 27 минутқа созылған тартысты матчта Рыбакина 8 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Циньвэнь 6 эйс, 4 брейкпен (13 брейк-пойнт) көзге түсті.
Е.Рыбакина өз тобындағы соңғы кездесуін әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын WTA турнирінде Елена Рыбакинаның жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.