WTA турнирі: Елена Рыбакина алғашқы кездесуінде жеңіліп қалды

АСТАНА. KAZINFORM – Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өтіп жатқан WTA қорытынды турнирінде Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина алғашқы матчын өткізді.

Елена
Фото: championat.com

Қазақстандық теннисші өз тобында беташар ойында әлемнің 4-ракеткасы, италиялық Жасмин Паолинимен шеберлік байқасты.
Қарсыластар осыған дейін төрт рет кездесіп, екі-екіден жеңіске жеткен еді.
Бұл АҚШ ашық чемпионатынан бері кортқа шықпаған Е.Рыбакинаның бірінші бәсекесі еді.
Бірінші партияда италиялық теннисші 4:2 есебімен алға шыққанымен, Рыбакина таразы басын теңестірді. Алайда тай-брейкте Паолини сәтті ойнады – 7:6 (7:5).
Екінші сетте есеп 3:3 болған мезетте италиялық спортшы брейк жасап кетті – 4:3. Ақыры дегеніне жетті – 6:4.
Екі сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты бәсеке барысында Рыбакина 8 эйс жасағанымен, 5 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды. Паолинидың үлесінде – 2 эйс, 2 брейк (5 брейк-пойнт).
Е.Рыбакина келесі кездесуін 4 қараша күні әлемнің 7-ракеткасы, қытайлық Чжэн Циньвэньмен өткізеді. Қытайлық теннисші бірінші матчында әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкоға есе жіберді – 3:6, 4:6.
Әр топтан екі үздік ойыншы жартылай финалға жолдама алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Горан Иванишевичтің Елена Рыбакинаның бапкері болғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар