Елена Рыбакина Аделаида турнирінің ширек финалына шыға алмады

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 21-ракеткасы Елена Рыбакина Аделаида (Аустралия) WTA 500 турнирінің ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 69-орында тұрған 20 жастағы украиналық Марта Костюкпен шеберлік байқасты.

Қарсыластар осыған дейін бір рет кездесіп, 2017 жылы жасөспірімдер арасындағы Аустралия ашық чемпионатында М.Костюк Е.Рыбакинаны 6:1, 7:5 есебімен жеңген.

Бұл жолы бірінші партияда есеп 5:4 болған мезетте қазақстандық спортшы үш сет-пойнтты пайдалана алмады. Дегенмен тай-брейкте өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ - 7:6 (7:5).

Екінші сетте есесіне М.Костюк брейкпен алға кетті – 2:0. Ол бұл партияны тағы бір брейкпен тәмамдады – 6:2.

Үшінші, шешуші партияны Е.Рыбакина брейкпен бастағанымен, бұдан кейін украиналық спортшы күш алып кетті – 4:1. Ақыры матчты жеңіспен аяқтай білді – 6:3.

Екі сағат 21 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Е.Рыбакина 7 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды. Қарсыласы 5 эйс, 4 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.

М.Костюк жартылай финалға шығу үшін әлемнің екінші, жарыстың 1-ракеткасы, тунистік Онс Жабер немесе рейтингте 45-сатыдағы румыниялық Сорана Кырстяның біреуімен таласады.

Өткен жылы Е.Рыбакина осы доданың финалына дейін жеткен еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның жаңа жылдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізгенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Анна Данилина Аустралиядағы жарыстан шығып қалды.


Фото: ktf.kz



Соңғы жаңалықтар