00:31, 21 Желтоқсан 2022 | GMT +5
Елена Рыбакина Дубайда әлемнің бесінші ракеткасын ұтты
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық Елена Рыбакина Дубайда (БАӘ) өтіп жатқан World Tennis League командалық турнирінің топтық кезеңінде әлемнің 5-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенконы ұтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаршығалар» тобында өнер көрсететін Е.Рыбакина «Сұңқарлар» сапында шыққан қарсыласын 0:6, 6:1, 10:6 есебімен тізе бүктірді.
Бір сағатқа жуық уақытқа созылған матчта қазақстандық теннисші 6 эйс жасап, 4 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. А.Соболенко 2 эйс, 3 брейкпен көзге түсті.
Енді Е.Рыбакина германиялық Александр Зверевпен бірге 22 желтоқсанда аралас сында канадалықтар Феликс Оже-Альяссим – Эжени Бушармен кездеседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Дубайдағы турнирде өнер көрсететінін жазған болатынбыз.