11:43, 24 Қаңтар 2023 | GMT +5
Елена Рыбакина қазақстандық теннисшілерден алғаш рет ТОП-10-ға енуге жақын тұр
АСТАНА. ҚазАқпарат – Аустралия ашық чемпионатының жартылай финалына шыққан Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина қазақстандық теннисшілерден алғаш рет жекелей сында әлемдік рейтингіде ТОП-10-ға енуге жақын тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәл қазіргі сәтте қазақстандық теннисші 25-тен 12-орынға көтерілді.
Ол бұдан бір жыл бұрын 12-сатыға шыққан еді, яғни үздік көрсеткішін қайталап отыр.
Егер Е.Рыбакина финалға шықса, онда үздік ондыққа кіреді. Бұрын-соңды қазақстандық теннисшілер мұндай биікке шығып көрген емес. Негізі өзі жеңімпаз атанған Уимблдон турнирінің рейтингілік ұпайлары есептелгенде, Елена өткен жылы-ақ үздік ондыққа енетін еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия чемпионатында Елена Рыбакинаның алғаш рет жартылай финалға шыққанын жазған едік.
Фото: Сhampionat.com