Елена Рыбакина Моника Селеш пен Мария Шарапованың жетістігін қайталады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 1968 жылдан бері бір маусымда Аустралия ашық чемпионаты және Индиан-Уэллс, Майами және Рим WTA 1000 турнирлерінің финалына шыққан үшінші ойыншы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: sports.kz

Бұған дейін мұндай табысқа әлемнің бұрынғы бірінші ракеткалары, америкалық Моника Селеш 1991 және ресейлік Мария Шарапова 2012 жылы жеткен еді.

Е.Рыбакина бүгін Рим мастерс турнирінің финалында әлемнің 47-ракеткасы, украиналық Ангелина Калининамен ойнайды. Оны жеңген жағдайда қазақстандық теннисші әлемдік рейтингте рекордтық нәтижеге қол жеткізіп, төртінші орынға көтеріледі.

Финалдық матч Астана уақытымен сағат 23.00-де басталады.

Қарсыластар өзара бір рет кездескен. 2022 жылы Чарльстон WTA 500 жарысының екінші айналымында А.Калинина 6:4, 2:6, 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Е.Рыбакинаның мәлім еткеніндей, қос теннисші бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Париж турнирінің финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Елена Рыбакина Азия – Тынық мұхит аймағы бойынша үздік өкілдердің қатарына енді.

Елена Рыбакина алғаш рет Рим мастерс турнирінің финалына шықты.


Соңғы жаңалықтар