Елена Рыбакина Штутгарт турнирінің ширек финалына шыға алмады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина Германиядағы Штутгарт WTA 500 турнирінің ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарыстың 6-ракеткасы болып тіркелген Е. Рыбакина екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 14-орында тұрған бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен шеберлік байқасты.

Биыл Абу-Даби додасының ширек финалында бразилиялық теннисші Е. Рыбакинаны 3:6, 6:3, 6:2 есебімен жеңіп кеткен еді. Бұл жолы бірінші партияда есеп 1:1 болған мезетте Хаддад Майя брейкпен алға кетіп, дес берген жоқ – 6:1.

Екінші сетте қазақстандық спортшы медициналық көмекке жүгінгеннен кейін өз геймін беріп қойды – 1:3. Бұдан соң матчты жалғастырудан бас тартты.

Бір сағаттан сәл астам уақытқа созылған бәсеке барысында Хаддад Майя 2 эйс жасап, 4 брейк-пойнтты түгел өз есебіне жазды. Е. Рыбакина 3 эйспен ғана көзге түсті.

Бразилиялық теннисші жартылай финалға шығу үшін әлемнің 4-ракеткасы, тунистік Онс Жабермен таласады. Өткен жылы Уимблдон турнирінің финалында Е. Рыбакина О. Жаберді 3:6, 6:2, 6:2 есебімен ұтқан болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Штутгарт турнирін жеңіспен бастағанын жазған едік.

Сондай-ақ, Қазақстанда алғаш рет теннистен әлем чемпионатының іріктеу сайыстары өтеді.

Қазақстандық теннисші Босниядағы жарыстың жартылай финалына шықты. Кейін осы жарыстың жартылай финалына тағы бір қазақстандық өтті.


Соңғы жаңалықтар
telegram