Елена Рыбакина Словениядағы жарысты жеңіспен бастады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Елена Рыбакина Порторож (Словения) WTA 250 жарысын жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Осы доданың үшінші ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 173-орында тұрған германиялық Лаура Зигемундпен өткізді.

Бірінші партияда неміс спортшысы тай-брейкте сәтті ойнады - 7:6 (7:4).

Екіншісінде Елена есе қайырды - 6:4.

Шешуші, үшінші сетте Е.Рыбакина жеңісті жұлып алды - 7:6 (10:8).

Үш сағат 23 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында қазақстандық теннисші 15 эйс жасап, 19 брейк-пойнттың бесеуін пайдалана білді. Қарсыласы 4 брейктен аса алмады.

Е.Рыбакина екінші айналымда әлемнің 66-ракеткасы, чехиялық Тереза Мартинцовамен шеберлік байқасады. Ол рейтингіде 85-сатыдағы ұлыбританиялық Хэрриет Дартты ұтты - 0:6, 6:4, 6:1.

Аталмыш жарыс 18 қыркүйекте мәреге жетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Дэвис кубогында Қазақстан Нидерланды командасымен кездесетінін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ қазақстандық теннисші Ыстанбұл турнирінің екінші айналымына шықты.


Фото: Sports.kz


Соңғы жаңалықтар