Елена Рыбакина тартысты матчта әлемнің үшінші ракеткасына жол берді

Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің үшінші ракеткасы, испаниялық Паула Бадосамен күш сынасты.
Бұған дейін қарсыластар үш рет кездесіп, соның екеуінде испаниялық спортшы жеңген еді.
Бұл жолы П.Бадоса бірінші партияда басымдылық танытты – 6:2.
Екіншісінде Е.Рыбакина есе қайырды – 6:4.
Үшінші, шешуші партияда тай-брейкте П.Бадоса сәттірек ойнады – 7:6 (7:4).
Екі сағат жарымнан астам уақытқа созылған тартысты бәсекеде Е.Рыбакина 5 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне жазды. Қарсыласы 7 эйс, 6 брейкпен (14 брейк-пойнт) көзге түсті.
Жүлде қоры 703 580 АҚШ долларына бағаланған жарыстың ширек финалында П.Бадоса әлемнің 10-ракеткасы, тунистік Онс Жабермен шеберлік байқасады. Ол ресейлік Дарья Касаткинаны ұтты – 6:3, 6:3.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Ыстанбұл турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.