Елена Рыбакина Уимблдондағы алғашқы жеңісі туралы: Аздап қобалжыдым

Кездесу атақты швейцариялық теннисші, «Үлкен дулыға» турнирлерінің 20 дүркін чемпионы Роджер Федерер мен Уэльс ханшайымы Кэтриннің көз алдында өтті.
«Аздап қобалжыдым, бірақ үш сетте жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Матчты нашар бастадым, нашар қимылдадым, шарды лақтырғанда бірден жеңіліп қалдым және қабылдағанда аз белсенділік таныттым. Ойынды сезіну және жақсырақ ойнау үшін маған толық бір сет қажет болды.
Бәлкім, Роджерді жақсы көргендіктен қатты қобалжыған шығармын. Бала кезімде оның ойынын үнемі бақылап отыратынмын.
Бір жылдан кейін бұл кортқа қайта оралу – ерекше сезім. Менің ойымша, бірінші матчтар қашанда қиын болады, психологиялық тұрғыдан алғанда турнирдің ырғағына кірісу керек дер едім. Сондықтан келесі матч жеңіл болады деп сенемін», - деді Рыбакина баспасөз мәслихатында.
Еске салайық, кеше, 4 шілде күні Қазақстанның – бірінші, әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінде өнер көрсетті. Оләлемнің 49-ракеткасы, америкалық Шелби Роджерспен шеберлік байқасты.
Матчта америкалық теннисші брейкпен бірден алға шықты – 2:0. Сет біткенше сол басымдылығын сақтап қалды – 6:4.
Екінші партияда қазақстандық спортшы 5:0 есебімен алға шығып, оны өз пайдасына аяқтады – 6:1.
Е. Рыбакина үшінші, шешуші сетті де брейкпен бастады – 1:0. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 6:2.
Солай ол турнирдің екінші айналымына өтті.