Елге 500 млн еуро инвестиция тартатын жобалар іске қосылады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен ЕО арасында өнеркәсіп саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөніндегі келісімдерге қол қойылды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бельгия Корольдігіне жасаған ресми сапары аясында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Қазақстан мен ЕО арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойды әрі еуропалық бизнес өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Еуропалық кеңес Президенті Антониу Коштаның және Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйеннің қатысуымен Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) арасында Минералдар мен металдар саласындағы озық тәжірибе орталығын құру үшін техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу жөніндегі өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Аталған жоба зерттеу қызметі мен озық технологияларды ұштастыратын заманауи геологиялық кластер қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі желісі бойынша бірқатар стратегиялық келісім жасалды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін жетекші еуропалық компаниялар — Dewulf NV және Väderstad Group-пен Қазақстан аумағында ауыл шаруашылығы техникасын өндіруді локализациялау жобаларын іске асыру туралы келісімдерге қол қойылды. Жобалардың жалпы инвестиция көлемі €500 млн. Қазақстан тарапынан серіктестер ретінде «АгромашХолдинг KZ» АҚ мен Eurasia Group AG компаниясы қатысады.
Dewulf NV компаниясы картоп жинайтын техниканы, ал Väderstad Group топырақ өңдеу техникасын өндіруді локализациялайды. Өндіріс орындары Қостанай және Түркістан қалаларындағы «АгромашХолдинг KZ» АҚ-ның локализациялау орталықтары базасында орналастырылады.
Бұдан бөлек, «Жезқазғансирекмет» РМК еуропалық «EIT RawMaterials» қауымдастығымен қазақстандық мамандарды оқыту жөніндегі және «P&P Industries AG» компаниясымен күкірт қышқылы зауытын салудың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу туралы келісімшарттарға қол қойды.
Брюссель қаласында Ерсайын Нағаспаев Alphamar Resources қорының Еуропадағы серіктесі Грегори Камюмен, Danieli Group компаниясының бас директоры Джакомо Марески Даниэлимен және BAUER Röhren- und Pumpenwerk Ges.m.b.H. компаниясының басқарушы директоры Отто Ройсспен кездесті.
Кездесулер барысында стратегиялық маңызды минералдар, сондай-ақ металлургия және ауыл шаруашылығы машиналарын жасау бағыттарындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар перспективалы бағыттар бойынша өзара тиімді серіктестікті одан әрі дамытуға уағдаласты.
Айта кетелік Қазақстан мен Еуропалық Одақ қандай құжаттарға қол қойғаны туралы жазған едік.