Елге қайтарылған капиталдың бір бөлігін 4 пайыздық автонесиеге бағыттауға болады – экономист Мақсат Сералы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Экономист Мақсат Сералы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде көтерген мәселе туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шыны керек қайтарылып жатқан қаражаттың бәрі мемлекеттен ұрланған, мемлекеттік жобалар арқылы шығарылған болатын. Енді бұл ақшалар мемлекеттен тоналғандықтан мемлекеттік бағдарламаларға бағытталуы керек деп ойлаймын. Егер Үкімет шын мәнінде халықтың өзіне деген сенімін нығайтуға ниетті болса, халық қамы үшін жүйелі жұмыс істеп жатқанын көрсеткісі келсе, бұл ақшаны қайда жұмсайтынын халық талқылауына салу керек. Жаңа жасақталған Мәжіліс, мәслихат депутаттары бар. Тіпті мәслихат деңгейінде де қарастырылуы керек. Бұл қаражатты біз не істейміз деген сұрақтың түпкілікті жауабын халық айтуы керек», - дейді сарапшы.

Сондай-ақ, ол қазірдің өзінде тұтас бір облысты дамытуға болатын қаржы қайтарылғанын еске салды.

«Халық үшін бірінші кезекте не маңызды? Жастардың баспана мәселесіне алаңдадамайтын қазақстандық жоқ шығар. Яғни осы ақшаны ипотекалық бағдарламаға жұмсаймыз ба деген мәселе туындайды. Ауылдағы жастарды жұмыспен қамтуға бөлу мәселесі де өзекті. Бір бөлігін, мысалы жыл жыл сайын 100 млрд теңгені шағын және орта бизнесті дамытуға бөлеміз бе деген сияқты. Бір облыстың деңгейіндегі белгілі бір аумаққа тән әлеуметтік мәселені шешуге бағыттауға да болады. Осындай-осындай ұсыныстардың ішінен халық таңдау жасауы керек. Бұл бір жағынан халықтың қаржылай сауаттылығын арттырады. 670 млрд теңге деген бір облысты гүлдендіруге болатын қаражат, былай айтқанда», - дейді Мақсат Сералы.

Сарапшы өз атынан ұсыныс та айтты.

«Кешегі кеңейтілген кеңесте Президент те, Премьер-Министр де айтты. Қазақстанның өз нарығын өз өнімдерімен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып тұр. Бұдан бөлек мектептер мен балабақшалар тапшылығын шешу мәселесі бар. Президент Жолдауында жол сапасын жақсартып, 90 пайыз сапалы жолмен қамтамасыз ету туралы меже қойды. Осы бағытқа да жұмсауға болады.

Одан кейін бұл ақшаның қайтарымдылығын ойлауымыз керек. Ең бастысы бұл ақша жаңа жұмыс орындарын ашуы керек. Экономист ретінде айтсам, нақты қайтатын жобаларға салу керек. Өз атымнан ұсыныс ретінде мынаны айтар едім. 4 пайыздық автонесиеге қаражаттың тапшылығы айқын көрініп тұр. Бұл бағдарламаға деген сұраныс өте жоғары. Сондықтан бір бөлігін, мысалы, қайтарылған қаражаттың 100 млрд теңгесін жыл сайын осы салаға қосымша бөлсе болады. Бұл жалпы халықтың астындағы көліктің жаңаруына серпін болар еді. Бір жағынан экологиялық мәселе шешіліп, халық қайтарылған ақшаның шынымен ел игілігіне жұмсалып жатқанын нақты сезінер еді», - дейді экономист.

Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде елге қайтарылған активтер мен мүліктер қолды болып кетпеуі керектігін айтқан болатын.


Соңғы жаңалықтар
telegram