Елге қызмет етемін деген әйелдерге әрдайым жол ашық – Мадина Оспаналы

Оспаналы
Фото: Мадина Оспаналының жеке мұрағатынан

АСТАНА. KAZINFORM – 8 – наурыз халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында Президенттік жас кадрлар резервінің мүшесі Мадина Оспаналымен мемлекеттік қызметтегі әйел адамдардың рөлі, жеке ұстанымы мен мақсаты туралы әңгіме өрбіткен едік.

– Алдымен өзіңіз туралы айтып берсеңіз (туған жеріңіз, орта және жоғары білім алған жеріңіз, жұмысыңыз туралы).

– Cұхбатқа шақырғандарыңызға рақмет. Мен Алматы облысында дүниеге келдім, ауылда атам мен апамның тәрбиесінде өстім. Ауылдық жердегі мектепте оқыдым. Жоғары сыныпқа келгенде қалаға ауысып, Алматыдағы Ж. Жабаев атындағы №161 лицейді бітірдім. Жоғары білімді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан алдым. Мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Студент кезімнен баспаларда, түрлі жобаларда корректорлық, редакторлық жұмыстар атқарып жүрмін.

– Президенттік кадр резерві туралы алғаш қайдан естіп, білдіңіз? Мемлекеттік қызметте еңбек еткіңіз келе ме?

– Резерв туралы жолдасым айтты. «Бағыңды сынап көр, өтіп жатсаң, ойыңда жүрген біраз дүниені іске асыруға мүмкіндік ашылар» деген соң, іріктеуге қатысуға бел будым. Оқушы кезде өзімізді еліміздің болашағына өлшеусіз үлес қосуға дайын тұлға сезінуші едік. Буыны бекіп, бұғанасы қатпаған бала да бір сәт елінің болашағын ойлайды ғой. «Егер мен президент болсам... елімді қалай көркете аламын..» деген шығарма жазғанда бала-қиял бізді айға да апарады ғой. Ал есейе келе, көп дүниенің парқын біле бастағанда, адамның ойы өзгереді екен. Қоғамға, жүйеге, айналаңда болып жатқан оқиғаларға іштей қарсылық, наразылық күшейетін кездер де болады. Ал үлкен өмірге аяқ басқанда жауапкершіліктің жүгі өзіңе түседі. Қарсылық сені алға сүйрейді, жыртығыңды жамауға әрекет етуге жетелейді. Бұның бәрі бәлкім сынақ. Адам осы жолда шыңдалады, өседі. Ал мемлекеттің өсуі оның әр адамының тұлғасының қалыптасып, өсуіне байланысты деп ойлаймын. Бала күннен мұғалім болуды армандадым. Мәселе кім болғаныңда емес, адамның түпкі ниетінде.

Оспаналы
Фото: Мадина Оспаналының жеке мұрағатынан

– Биыл ақпанда өткен Президенттік жастар кадр резерві мүшелерінің форумында Мемлекет басшысы: «Ер адамдар ренжімесін, әйелдер жұмысқа өте тиянақты» деді. Сондай-ақ, Президент гендерлік теңдікті сақтау мәселесіне назар аударды, биліктегі әйелдердің үлесін арттыру керектігін айтты. Осы пікірмен келісіз бе? Сіздің ойыңыз қандай?

– Иә, форумда біраз мәселе айтылды. Гендірлік теңдік мәселесі қоғамның бір мәселесі ретінде айтылып келеді ғой. Бірақ қоғамдағы әйел адамның рөлін ер адамның рөлін төмендету арқылы көтерген дұрыс емес деп есептеймін. Бізде осы дүние байқалады. Ал әйел заты болмысынан жинақы, тиянақты жаратылыс қой. Осы тұста да «әйел заты» деген әп-әдемі қазақтың сөзін бұрмалап, әйелді затқа теңеп тұр деп қателесетіндер бар. Асылында, олай емес. «Болмысы әйел» деген мағына ғой. Халқымыздың тарихында ел басында ер адамдар көп болғаны белгілі. Олар жеріміз бен елімізді қорғады. Бірақ сол кездегі қазақтың дана аналары мен әйелдерінің еңбегі ер адамдардан кем болған жоқ. Оны ешкім жоққа да шығармайды. Ер мен әйелді салыстырып, жарыстырып жүрген өзіміз сияқтымыз. Болмысы бөлек жаратылыс болсақ та, елдің болашағы жолында мақсат-мұратымыз бір болып, жауапкершілікті теңдей арқалап, сыйласып өтуіміз керек деп ойлаймын.

Президенттің пікіріне келісемін. Бірақ бұл тұста да мына дүниені ұғып алу керек. Билікке барамын, елге қызмет етемін деген қыз, әйелдерге әрдайым жол ашық. Оған жас кадрлар резерві де дәлел. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде болған жиында да осы мәселе қозғалған. Сонда биліктегі әйелдердің үлесі біршама екені, әрі сол кісілерге лауазымы жоғары, қазіргісінен жақсы қызмет ұсынса, көп жағдайда әйелдердің өзі бас тартатыны айтылды. Өйткені әйелдер, әсіресе тұрмыстағы әйелдер отбасын, бала-шағасын көбірек ойлайды. Ал енді әйелдер ер адамдардан тиянақты деген пайым да жалпылама айтылған деп ойлаймын, іске деген жауапкершілік, тиянақтылық адамның жынысына байланысты емес қой.

– Бос уақытыңызда немен айналысасыз? Ұстанымыңыз қандай?

– Көп дүниеге қызығамын, оқыған сайын оқи бергім келеді, білген сайын біле түскім келеді. Ұстазым Зинол-Ғабден Қабиұлының «Білмеу – ұят емес, білгісі келмеу – қасірет» деген сөзі санама жатталып қалыпты. Расында, білмеген дүниеңді біліп алуға мүмкіндік көп қой, ең бастысы ниет жоғалмауы керек. Тілге қатысты да сол, ана тілін білмейтін адамдарды сөкпеймін, ниет болса үйреніп алуға болады, бірақ білгісі келмейтіндерден қорқамын. Ұстанымым осы, адам өзінің болмысынан ажырамауы керек.

Бос уақыт дегенде, балаларым кішкентай болған соң, кейінгі кездері уақытты жоспарлауға көңіл бөліп жүрмін. Үнемі кітап оқимын. Бірақ оқитын кітаптың саны маңызды емес, өзіме ондай шарт қоймаймын. Өйткені көбінесе көркем әдебиет оқимын. Ал көркем әдебиетті оқу бар, оны ой елегінен өткізіп, сіңіру бар. Кейбір кітаптарды оқып болған соң, келесі бір кітапты алып оқуға бата алмай қалатын кездерім болады. Қазір сондай күйде жүрмін. Жазушы Қанат Тілеуханның жақында жарық көрген «Шатырдағы әйел» деген кітабын оқып, әсерінен әлі шыға алмай жүрмін. Біз көріп өскен заманның шындығы мен сұмдығы, көзбен көрсек те, айта алмай ішке жұтып қойған дүниелер, сол уақыттың жүректен өткен сызы, қоғамның кейпі... боямасыз, бүкпесіз суреттелген.

– 8 наурыз халықаралық әйелдер күні мерекесінің сіздің өміріңіздегі орны қандай? Несімен ерекше?

– Көктемнің лебін әкелетін мереке ғой. Көктем туғанда тіршілік жаңарып, адамға ерекше бір шабыт келетін сияқты. Ішкі толқыныс... жаның жай тауып, өмірге деген құштарлық артатындай көрінеді. Ал сол көктемнің жаршысы осы 8-наурыз мерекесі деп білемін. Алғыс, жылы лебіз, ыстық ықылас деген дүние де мерекеге қарамайды ғой, дегенмен осы күні жанымыз жадырайтыны рас. Әулеттің үлкен аналарынан бастап, кішкентай ғана сіңлі-қарындасқа дейін мәз-мейрам болып қалатын мереке. Жылда әкелеріміз бен аға-інілеріміз, әріптес, дос-жарандарымыз құттықтап жатады. Әдемі дәстүрге айналып кеткен күн. Мен де осы сәтті пайдаланып, барша нәзік жанды сұлуларға, Аналарымыз бен ұстаздарымызға, кішкентай ғана қыздарымызға осы аяулы мереке құтты болсын деймін. Ғұмырлы болыңыздар, бақытты болыңыздар! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

– Сұхбатыңызға рақмет!

Соңғы жаңалықтар