«Елге көмек» қорының соты бойынша айыптау актісіне толықтыру енгізіледі
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алмалы аудандық сотында Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваға қатысты кезекті сот отырысы өтті.
Өткен сот отырысында тергеу кезеңі аяқталып, келесі отырыста жарыссөз басталатыны хабарланды. Алайда бүгін төрағалық етуші судьяның қаулысымен сот тергеуі қайта жанданды. Судья айыптау актісін зерделеу барысында қосымша сұрақтардың туындағанын айтты.
Отырыс барысында алдымен Ақтоты Дүйсееваға, кейін Ілияс Сариевке сұрақтар қойылды. Екі айыпталушы да бұған дейінгі жауаптарында қалды.
Жәбірленушілер мен олардың адвокаттары Ілияс Сариевпен бірге жұмыс істеген мобилографтарды, «MM Travel» туристік компаниясында жұмыс істеген менеджерлерді куәгер ретінде сотқа шақыруды өтінді. Судья айтылған өтініштерді қанағаттандырды.
Сондай-ақ Сариевтің адвокаты жәбірленушілердің бірі - Айжан Жүргенбаев кешірім бергені туралы қолхатты оқып, ол бойынша істі өндірістен қысқартуды өтінді. Сот хатшыға қолхатты Айжан Жүргенбаевның өзі жазғанын анықтауды тапсырды.
Одан бөлек судья айыптау актісінің 7, 8, 19 эпизодтарында жәбірленушілердің сотталушыларға ақша берген уақытын жазып, жаңа айыптау актісін алып келуді прокурорға тапсырды.
Бұған дейін сотта жәбірленушілер қажылыққа берген қаражатты қайтаруды талап етті. Тағы бірнеше жәбірленуші Сариев науқас балалардың отбасынан миллиондар алғанын айтты.
Сотта айыпталушы Ілияс Сариев өзі де жауап берді. Ол өз айыбын ішінара мойындады.
Ал Ақтоты Дүйсеева сот отырысында Ілияс Сариевке айып тақты. Ол «Елге көмек» қорының басшысы құмар ойындарға әуес болғанын айтты.
Еске салайық, сәуір айында «Елге көмек» қайырымдылық қорының басшысы Ілияс Сариев алаяқтық жасады деген күдікке ілініп, ұсталғанын жазғанбыз. Ол өзін бірнеше рет «қазақтың Робин Гуды» деп атаған және әлеуметтік желідегі парақшаларында музыкант, концерт пен той ұйымдастырушы екені көрсетілген.