Елге кіретін шетелдіктерге электронды рұқсат алу міндеттеледі
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанға визасыз режиммен келетін бірқатар шетел азаматы елге кіру үшін электронды рұқсат рәсімдеуге тиіс. Жаңа талап 2026 жылғы 1 қарашадан бастап кезең-кезеңімен енгізіледі, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Қаулыға сәйкес, ережеде көрсетілген елдердің, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің және Қазақстанмен визасыз сапарлар туралы халықаралық келісім жасасқан елдердің азаматтары электронды рұқсат болған жағдайда Қазақстанға кіріп, ел аумағы арқылы транзитпен өте алады.
Бұл ретте визасыз жүру мерзімі өзгермейді. Атап айтқанда, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Жапония және Оңтүстік Корея азаматтары Қазақстанда бір сапар кезінде 30 күнге дейін, бірақ 180 күн ішінде жиынтығы 90 күннен аспайтын мерзімде бола алады. Үндістан мен Иран азаматтары үшін бір сапарға 14 күнге дейін, ал 180 күн ішінде жиынтығы 42 күнге дейін болу мерзімі белгіленген. Түркия азаматтары әрбір 180 күндік кезеңде Қазақстанда визасыз 90 күнге дейін жүре алады.
Жаңа талап қашан енгізіледі?
2026 жылғы 1 қарашадан бастап электронды рұқсат беру жүйесі Ақтау халықаралық әуежайында және төрт автомобиль өткізу пунктінде қолданыла бастайды. Олар: Павлодар облысындағы «Үрлітөбе», Жамбыл облысындағы «Ауқатты», Түркістан облысындағы «Атамекен» және Жетісу облысындағы «Нұрлы жол» өткізу пункттері.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жүйе Астана мен Алматының халықаралық әуежайларында, ал 2027 жылғы 1 наурыздан бастап Қазақстанның қалған мемлекеттік шекара өткізу пункттерінде енгізіледі.
2027 жылғы 1 шілдеге дейінгі өтпелі кезеңде электронды рұқсаттың болмауы шетелдік азаматқа елге кіруден бас тартуға негіз болмайды.
Электронды рұқсатты қалай алуға болады?
Электронды рұқсатты ішкі істер органдары ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісу арқылы шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға арналған цифрлық платформа арқылы береді.
Шетелдік азамат Қазақстанға кіруді жоспарлаған күннен кемінде 72 сағат бұрын платформада өтініш беруі керек. Өтініш цифрлық форматта толтырылып, өтініш берушінің жеке басын сәйкестендіру және (немесе) аутентификациялау рәсімдері жүргізіледі.
Электронды рұқсат 180 күнтізбелік күнге беріледі. Оны рәсімдеу ақысыз.
Қазақстан шекарасынан өткен кезде паспорттық бақылау желісінде шетелдік азамат электронды рұқсат алу үшін өтініш берген кезде пайдаланған жарамды паспортын немесе жеке басын куәландыратын құжатын көрсетуге тиіс.
Кімдер электронды рұқсат алмайды?
Растайтын құжаттары болған жағдайда электронды рұқсат алу талабынан мына санаттағы адамдар босатылады:
-
шет мемлекеттердің, үкіметтердің және халықаралық ұйымдардың басшылары, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері;
-
шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың парламенттері мен үкіметтерінің мүшелері және олардың отбасы мүшелері;
-
Қазақстанның құрметті консулдары және олардың отбасы мүшелері;
-
дипломатиялық және қызметтік паспорттардың, сондай-ақ дипломатиялық агенттерге тең мәртебесі бар халықаралық ұйымдар паспорттарының иелері;
-
Қазақстанда аккредиттелген шет мемлекеттердің консулдық мекемелерінің қызметкерлері;
-
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің аккредиттеу куәлігі бар адамдар;
-
дипломатиялық поштаны алып жүретін дипломатиялық курьерлер;
-
Қазақстан Президенті Әкімшілігінің, Құрылтайдың, Жоғарғы Соттың, Үкімет Аппаратының, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың, Қорғаныс министрлігінің немесе Сыртқы істер министрлігінің шақыруымен келетін шетелдіктер;
-
16 жасқа толмаған және 65 жасқа толған немесе одан асқан адамдар;
-
Қазақстанның мемлекеттік шекарасынан өтпей, халықаралық әуежайлардың транзиттік аймағында болатын жолаушылар;
-
Қазақстанның жарамды визасы, уақытша тұруға рұқсаты немесе тұруға ықтиярхаты бар шетелдіктер;
-
Қазақстан заңнамасына сәйкес босқын деп танылған және баспана іздеп жүрген адамдар;
-
ұшу құжаттарында тиісті жазбасы бар әуе кемелерінің экипаж мүшелері;
-
кеме тізімінде көрсетілген теңіз және өзен кемелерінің экипаж мүшелері;
-
тиісті құжаттары бар пойыз, рефрижератор және локомотив бригадаларының мүшелері;
-
мемлекетаралық фельдъегерлік байланыс қызметкерлері;
-
күдіктілерді, айыпталушыларды және сотталғандарды алып жүретін құқық қорғау органдарының қызметкерлері;
-
ресми мемлекеттік және үкіметтік делегациялардың мүшелері мен оларды алып жүретін адамдар;
-
Қазақстан аумағындағы трансшекаралық нысандарға қызмет көрсететін мамандар;
-
Қазақстанның халықаралық әуежайларына немесе порттарына мәжбүрлі не шұғыл түрде қонған әуе және теңіз кемелерінің жолаушылары;
-
Қазақстан ратификациялаған халықаралық келісімдерде көзделген іздестіру-құтқару операцияларына қатысу үшін шекарадан өтетін адамдар;
-
мемлекеттік органдардың шақыруымен гуманитарлық миссияларға немесе төтенше жағдайлардың салдарын жоюға келген адамдар;
-
шұғыл медициналық көмек көрсету үшін Қазақстанға келген медициналық бригадалардың қызметкерлері;
-
халықаралық жүк тасымалын жүзеге асыратын жүк көліктерінің жүргізушілері, сондай-ақ халықаралық жолаушылар тасымалымен айналысатын, жүргізушінің орнын есептемегенде, 12-ден астам отыратын орны бар автобустардың жүргізушілері;
-
жерлеу үшін марқұмның денесін алып жүретін, оның ішінде Қазақстан аумағы арқылы транзитпен өтетін адамдар.
Бұдан бұрын Павлодарда көші-қон заңнамасын бұзған 100-ге жуық шетелдік ел аумағынан шығарылғанын жазғанбыз.