Павлодарда көші-қон заңнамасын бұзған 100-ге жуық шетелдік ел аумағынан шығарылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ертіс-Баян өңірінде жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 6 279 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың 1 504-і — шетел азаматтары.

Жамбыл облысында заңсыз көші-қон арнасы анықталды
Фото: Polisia.kz

Аймақта шетелдіктердің қатысумен бірқатар заң бұзушылықтар анықталған.

— Тоғыз айдың қорытындысы бойынша сот шешімімен 99 шетел азаматы Қазақстан аумағынан әкімшілік тәртіппен шығарылған. Сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін 119 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды, — деп хабарлады өңірлік полиция департаментінен.

Департамент мәліметінше, көші-қон қызметінің қызметкерлері заң бұзушылықтарды анықтау мақсатында тұрақты түрде нысаналы тексерулер мен рейдтік іс-шаралар жүргізіп келеді.

Бұдан бөлек, жыл басынан бері 595 шетел азаматы Қазақстан Республикасының азаматтығын алған. Ал Павлодар облысының 254 тұрғынына шетелге тұрақты тұруға кетуге рұқсат берілген. Олардың 94-і алыс шетел мемлекеттеріне, 160-ы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдеріне қоныс аударуға ниетті.

Еске сала кетейік, СҚО-да заңсыз жүрген 120 шетелдік рейд кезінде ұсталды. 

Сондай-ақ шетелдіктерге жеке сәйкестендіру нөмірін беру қағидалары өзгергені туралы жазғанбыз.