Елге саяхат жасаушылардың қауіпсіздігі жан-жақты қамтамасыз етіледі - Қырғызстан Ішкі істер министрі

Бүгін Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген Қырғыз Республикасының Ішкі істер министрі Құбатбек Байболов осылай айтты.
Қазір Қырғызстанда ел үкіметінің «2010 жылғы жазғы туристік мезгілді ұйымдастыру туралы» қаулысы жүзеге асырылуда. Соның негізінде бірқатар ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып, оған ІІМ қызметкерлері жұмылдырылған.
«Жазғы демалыс уақытында Қырғызстанға саяхаттаушылардың қауіпсіздігі жан-жақты қамтамасыз етіледі. Ішкі істер органдарының қызметкерлері 2010 жылғы жазғы демалыс орындарында қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалайтын болады. Оған қоса ҚР-ның ІІМ Академиясының қызметке енді жіберілген курсанттары мен офицерлері де тартылып отыр. Қоғамдық орындарда және көшелерде күзет орындары мен патрульдік бағыттар ұйымдастырылған. Бұл мақсатта 80 көлік жұмыс істейді», деді Құбатбек Байболов.
Оның айтуынша, құқық қорғаушыларға көмек ретінде 400-ден аса ерікті халық өкілдері қатысуда. Жол қозғалысы кезіндегі қауіпсіздіктің сақталуы мен жүргізушілердің ереже бұзбауын қадағалау мақсатында демалыс аумақтарында арнайы тексерулер жүргізіліп отыратын болады. Сонымен бірге, сенім телефондары жазылған арнайы қағаздар таратылады.