Елге жат ағым - «Таблиғи Жамағаттың» қызметі Қордайдағы республикалық конференцияда талқыланды

Шараның мақсаты - Қазақстанда сот шешімімен экстремистік ұйым ретінде танылған және тыйым салынған «Таблиғи жамағат» діни-миссионерлік ұйымының қызметін тоқтатуға бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүргізуді пысықтау, қоғамдағы исламдық бағыттағы дәстүрлі емес ағымдар мен ұйымдардың келеңсіз әрекеттерінің алдын алу және осы қатардағы басқа да мәселелерді жан-жақты талқылау болып табылады.
Аталған шараға орталық және жергілікті мемлекеттік және тиісті орган өкілдері, ғалым-сарапшылар, азаматтық қоғам институттарының өкілдері, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мешіттер имамдары және шетелдік қонақтар қатысты.
Тоқтала кететін жайт, француз баспаларының бағалауынша, ислам дінінің атын жамылған экстремистердің 80 пайызға жуығы «Таблиғи Жамағат» ағымынан шыққандар болып табылады. Сондықтан да, бұл ұйымның қоғам үшін қауіптілігі сөзсіз. Жат пиғылды ұстанған ол ұйым діни ұстанымына қарай қоғамды жікке бөліп, азаматтардың конституциялық құқы мен міндеттерін тәрк етеді. Сондықтан да, Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф мұндай жат ағымға жаңа мүшелердің тартылуына жол бермей, ал оған ілескендерді дәстүрлі исламға тарту қажеттігін айтты.