Еліков дін аман, Америкада тұрып жатыр - Жанболат Мелдешов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліков дін аман, Америкада тұрып жатыр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Президенті Жанболат Мелдешов мəлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Еліковке қатысты айтар болсам, кейбір БАҚ-та нақтыланбаған ақпарат жарияланды. Əкесі баласымен байланысқа шыға алмай отырғанын айтқан еді. Біз баласын таптық. Ол дін аман, Америкада тұрып жатыр. Біз мекен жайын, ұялы телефонын тауып, əкесіне бердік. Яғни Оған қатысты мəселе шешілді»,  деді ол.

Сонымен қатар ол  Еліковтің ата-анасы баласының оқуына кеткен шығынды төлеуге міндетті екендігін атап өтті. «Қарыз сомасы шамамен 19 млн. теңгені құрайды», - деп нақтылады орталық басшысы. 

Айта кетерлігі, осы жылдың қазан айында «Болашақ» бағдарламасы бойынша Пенсильвания штатына оқуға кеткен Ержан Еліковтің ата-анасы Сыртқы істер министрлігіне ұлының жоғалғанын айтып, тек бес жылдан кейін көмек сұрап келген. Ержан 2011 жылдың наурызынан бері ата-анасына мүлде хабарласпаған, ешқандай байланысқа шықпаған.  Бірақ, жоғалған жігіттің әкесі Сыртқы істер министрлігіне арада бақандай бес жыл өткен соң ұлымыз жоғалды деп хабарласқан. 

«ҚР азаматының қайда жүріп-тұрғанын анықтау туралы Америка Құрама Штаттарының уәкілетті органдарына арыз жазу үшін, жоғалған азаматтың жеке куәлігінің көшірмесі мен ағылшын тілінде жазылған өтініш керек. Алайда, бұл құжаттар Сыртқы істер министрлігінің қолына түскен жоқ, тіпті, Ержанның әкесі ұлының паспортының көшірмесі жоқ екенін айтты... Содан, біз өзіміз тексеру жүргізіп, біздің азамат Вашингтондағы Қазақстан Елшілігінің консулдық тізімінде тұрмағанын анықтадық. Халықаралық бағдарламалар орталығы Ержанның қайда екенін білмейді. Біздің дипломаттар АҚШ-тағы шетелдік студенттер мен АҚШ-тағы Қазақстан диаспорасы арқылы Ержанды іздеп табуға тырысқан. Алайда, бұдан түк шықпады», - деген еді ҚазАқпаратқа еліміздің Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов. 

«Осы жылдың 27 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне Ержан Еліковтің әкесі қайта хабарласты. Бұл жолы біз Халықаралық бағдарламалар орталығы арқылы Ержанның паспортының көшірмесін өзіміз таптық. Жігіттің әкесіне өтініш жазу керек екенін тағы түсіндірдік. Тек арада біраз уақыт өткен соң Ержанның әкесіне қайта-қайта хабарласып, артынан қуғандай болып, оның қолынан ағылшын тіліндегі өтінішін алдық. Бұл 3 қазан еді. Яғни, баланы іздеу туралы өтінішті ата-анасы тек 3 қазан күні жазды, оны айтпағанда, хатты қолма-қол емес, біздің электронды почтамызға сканерден өткен нұсқасын жіберді. Қазір Вашингтондағы Қазақстан Елшілігі бұл мәселені қарауға алды. Ал, Сыртқы істер министрі қатаң бақылауда ұстап отыр»,-деп түсіндірген болатын ол. 

Соңғы жаңалықтар