Еліміз балабақшаларында 3 мыңға жуық ер тәрбиеші жұмыс істейді
«Ұлттық білім беру деректер базасының мәліметіне сәйкес, 2021 жылы еліміздегі мұғалімдер саны 313 мыңнан астамды құрады. Оның ішінде 61 мыңнан астамы (19,6 %) – ер азаматтар. Биыл 340 мыңнан астам мұғалім еңбектеніп жатыр, ер ұстаздар саны 68 мыңнан артады (19,8 %)», - деген жауап берді еліміздің Оқу-ағарту министрлігі ҚазАқпарат сауалына.
Сондай-ақ министрлік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы педагогтер үлесі туралы мәлім етті.
«Өткен жылғы мәліметке сай, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 95 мыңнан астам педагог жұмыс істейді. Оның ішінде ер азаматтар саны – 2600-ден асады. Ал 2022 жылы еліміздегі балабақшаларда 96 мыңнан астам тәрбиеші-педагог бар, оның 2700-ден астамы ер кісі», - делінген ресми хабарламада.
Аталған ведомство мәліметінше, «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, ұстаздар мәртебесі бекітіліп, әлеуметтік қолдау шараларының артуына байланысты мұғалім мамандығын таңдайтын ер азаматтар үлесі артып келеді.