Еліміз ДСҰ-ға кірген соң АҚШ іскерлік топтарының Қазақстанға деген ықыласы артады

АСТАНА. 20 ақпан. ҚазАқпарат - Вашингтонда АҚШ-тың танымал «ақыл-ой» орталығы» аталатын «Джон Хопкинс Университетінің Орталық Азия және Кавказ институтында» «Дүниежүзілік сауда ұйымы және Орталық Азия» деген тақырыпқа арналған форум өтті, деп хабарлады Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
None
None

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Қайрат Омаров еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі бойынша АҚШ-пен жүргізіліп жатқан келіссөздің барысы, қазақстан-американ сауда-саттығының жағдайы, сондай-ақ Қазақстанның инвестициялық ахуалын жақсарту жөніндегі қабылданып жатқан шаралар туралы әңгімелеп берді.

Дипломат сондай-ақ өңірлік сауда-саттықты ұлғайтуға және Қазақстанның көлік әлеуетін пайдалануға сеп болатын АҚШ-тың «Жаңа Жібек жолы» бастамашылығына қолдау білдірді.

АҚШ Сауда өкілі кеңсесі басшылығының айтуынша, 2004 жылы АҚШ пен Орталық Азия елдерінің арасында қол қойылған және соның аясында экономикалық мәселелер бойынша тұрақты министрлік отырыстар өткізіліп тұратын Сауда-саттық және инвестициялар жөніндегі негізгі келісім осынау бастаманы іске асыруға негіз бола алады.

Қазақстанның ДСҰ-ға кіру процесіндегі ілгерілеушілік туралы Қазақстан Елшісінің пікірін бөліскен АҚШ Сауда өкілі көмекшісінің орынбасары Мара Берр ханым, ДСҰ бойынша қазақстандық келіссөз тобымен арадағы сындарлы диалогқа оң баға берді.

«Форумға қатысушылар, Қазақстан мен өңірдің басқа елдері ДСҰ-ға кірген соң, бізді өндірістік қуаттарды жолға қою алаңы ретінде қарастырып отырған АҚШ іскерлік топтарының Орталық Азияға деген ықыласы арта түседі деген ортақ пікір білдірді», - делінген ҚР Сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.

Форум модераторы, Институт басшысы және Ұлы Жібек жолын дамытудағы біздің өңірдің негізгі рөлі туралы бірқатар кітаптардың авторы Ф.Старр да осындай пікір айтты, деп хабарлады сыртқы саясат ведомствосынан.

Форумға АҚШ Сауда өкілі кеңсесінің басшылығы, Орталық Азия елдерінің елшілері, Құрама Штаттардың талдамалық және қоғамдық топтарының өкілдері қатысты.

Соңғы жаңалықтар