Елімізде 110 көлік ұрлаушы қылмыстық жауапкершілікке тартылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде 110 көлік ұрлаушы, оның ішінде 7 қылмыстық топ қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елімізде 110 көлік ұрлаушы қылмыстық жауапкершілікке тартылды

«Министрлік 16-22 тамыз аралығында елімізде «Автомобиль» деген шартты атаумен кең ауқымды іс-шара өткізді. Оған 4 мыңнан астам полиция қызметкері жұмылдырылып, аталған кезең ішінде 95 көлік ұрлығы ашылды. Іс-шара барысында 433 пост, оның ішінде көршілес елдермен шекаралас аудандарда 62 пост қойылды. 3 мыңнан астам көлік жөндеу орталығы, жекеменшік автошеберханалар, көлік тұрағы кооперативтері мен автотұрақтар тексерілді», - деді ол.

Оның айтуынша, аталған жұмыстардың нәтижесінде ұрланған 5 көлік табылды. Автобөлшектер сататын орындарды тексеру барысында ұрланған көліктің бөлшектерін сатудың 16 дерегі тіркелді.

«Ішкі сауда ережесін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК 204-1-бабымен 70 әкімшілік хаттама толтырылды. Іс-шара барысында 110 көлік ұрлаушы, оның ішінде 7 қылмыстық топ қылмыстық жауапкершілікке тартылды», - деді Қанат Нұрмағамбетов.