Елімізде 146 мың шақырымнан астам инженерлік желі жөнделеді

«Экономикалық зерттеулер институтының базасында орталық және жергілікті мемлекеттік органдар мен сараптамалық қоғамдастықтың қатысуымен жаңа Бюджет кодексін әзірлеу бойынша тиісті Жұмыс тобының жұмысы жалғасып жатыр. Құжаттың негізгі ережелерін тәуелсіз сарапшылармен кеңінен талқылау әрі түсініктемелер мен ұсыныстар алу үшін Реттеушілік саясаттың консультативтік құжаты «Ашық НҚА» порталында орналастырылды. Аталған құжат Мемлекеттік қаржыны басқару жөніндегі 2030 жылға дейінгі тұжырымдаманың ережелерін ескеріп, Ұлттық қор қаражатын қоса алғанда, мемлекеттік қаржыны басқару жөніндегі іс-шаралар кешенін айқындайды. Бюджет қаражатын жоспарлау мен пайдаланудың тиімділігін арттыру есебінен енгізілетін жаңартулар салық-бюджет саясатының берік іргетасын құруға бағытталады», - деді Ә. Қуантыров.
Бұдан бөлек, ол «тарифті инвестицияларға айырбастау» қағидаты бойынша тарифтік саясатты реформалау аясында электр энергиясымен, жылумен, сумен жабдықтау және су бұру салаларындағы желілердің тозуын төмендетуге арналған жұмыс басталғанын айтты. Бұл апаттардың санын азайтуға және осы көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға ықпал етеді. Ол үшін 146 мың шақырымнан астам инженерлік желіге жөндеу жүргізу қажет. Қазіргі кезде тарифтерді өзгерту және қолданыстағы инвестициялық бағдарламаларды ұлғайту үшін құқықтық негіздер қалыптастырылды.