16:19, 16 Қазан 2013 | GMT +5
Елімізде 2020 жылға қарай бюджет тапшылығы 1,4 пайызға дейін төмендейді - Е. Досаев
АСТАНА. 16 қазан. ҚазАқпарат - 2016 жылға қарай бюджет тапшылығы 1,9 пайызға дейін, ал 2020 жылға қарай 1,4 пайызға дейін төмендейтін болады. Бұл туралы бүгін Мәжілісте бюджет шығыстарының үнемділігі мен тиімділігіне қатысты баяндама жасаған Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев осылай мәлім етті.

Министрдің айтуынша, 2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру барысында жаңа бюджеттік саясат тұжырымдамасы негізге алынды. Бұл ретте алдағы үшжылдық бюджет шығындары тапшылық бойынша фискалдық шектеулер шегінде анықталды. «Жалпы макроэкономикалық тұрақтылық пен мемлекеттік қарыздың тиісті деңгейін қамтамасыз ету үшін республикалық бюджет жобасында тапшылықты 2016 жылға қарай 1,9 пайызға дейін қысқарту қарастырылып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, тапшылықты 2015-2016 жылдар аралығында мақсатты түрде қысқарту межеленеді. Ал 2020 жылға қарай бюджет тапшылығын 1,4 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр», - деді Ерболат Досаев.