Елімізде әскерге шақырылатын жастар ПТР-тесттен өтеді

«Елімізде төтенше жағдай енгізілгеннен бастап Қарулы күштер әртүрлі міндеттерді белсене атқаруда. Бүгінгі таңда 9500 әскери қызметші патрульдеуді, дезинфекция жұмыстарын және басқа да міндеттерді іске асырып жатыр. Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметшілердің запасқа шығаруды тоқтата тұру және азаматтарды әскерге шақыру мерзімін ауыстыру туралы шешім – біздің мемлекетіміздің тарихында алғаш рет қабылданып отыр. Бұл іс азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жағдайды түсініп қарауды сұраймыз», - деді ҚР Қарулы күштері Бас штабының ұйымдастыру, жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастысы Сәкен Жүсіпов ОКҚ-да онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында.
Сәкен Жүсіповтың айтуынша Қарулы күштерде мерзімді әскери қызметтен босаған сарбаздардың қауіпсіздігін сақтау бойынша да бірқатар шара қабылданып жатыр.
«Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар әскери қызметке шақырылған азаматтарды ПТР-тесттерден өткізіп, шақырылушыларды хабарландыру мен жинау, медициналық куәландыру кезінде, жинау мен аттандыру бекеттерінде барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптың сақталуын қадағалауы керек», - деді ол.
Айта кетсек бұған дейін Сәкен Жүсіпов Төтенше жағдай кезінде 2019 жылдың көктемінде әскерге шақырылған мерзімді әскери қызметшілерді запасқа шығару уақытша тоқтатылғанын мәлім еткен еді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының Жарлығымен азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру мерзімі 2020 жылдың маусымынан тамызына ауыстырылып отыр.
Еске сала кетсек ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметшілерді запасқа шығару туралы Жарлыққа қол қойған болатын.