Елімізде балаларға папиллома вирусына қарсы вакцина салына бастайды
«Қазіргі кезде министрлік халыққа онкологиялық көмек көрсетуді жақсартудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеп жатыр. Бұл жоспарда адам папиллома вирусына қарсы вакцина егу қарастырылған. Сонымен қатар, аталған іс-шаралар аясында қатерлі ісік ауруларына қарсы тиісті қадамдар ескерілген. Атап айтқанда, бұл бағытта тиісті жұмыс атқарылады және оны ата-аналардың келісімін ескере отырып іске асырамыз», - деді А. Ғиният Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, биыл аталған жоспарға қатысты дайындық жүргізіледі.
«2023 жылы егжей-тегжейлі талқылау, нормативтік-құқықтық актілерді даярлау, бюджетті қорғау жұмыстары ескерілген. Бюджет бекітілгеннен кейін аталған іс-шаралар келер жылдан басталады. Бұл тұрғыда кәмелетке толмаған балалар қамтылады. Егер бұл іс-шаралар ұлттық күнтізбеге енгізілсе, оның барлығы ақысыз болады», - деді министр.
Еске салсақ, 2013 жылдың қыркүйек айынан бастап жасөспірім қыздарға папиллома вирусына қарсы вакцина егілетіні хабарланған еді.
Аталған папиллома вирусына қарсы егу жұмыстары қатерлі ісіктің алдын алу мақсатында жүргізіледі.