Елімізде бірқатар ғимаратта лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынбақ

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде бірқатар ғимаратта лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынбақ. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Ойын бизнесі саласында мемлекеттік реттеуді қатаңдату мақсатында ойын бизнесі, лотерея қызметі саласындағы заңнамаға, сондай-ақ «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекске өзгерістер мен толықтыруларды көздейтін заң жобалары әзірленді. Заң жобаларында қазақстандықтарды құмар ойындардың теріс ықпалынан қорғауға бағытталған бірқатар норма қарастырылған», - делінген Үкімет басшысының жауабында.

Премьер-Министрдің атап өтуінше, аталған нормалар аясында заңсыз ойын бизнесін шетелдік ұйымдастырушылардың тізімін жүргізу және олардың пайдасына қаржы операцияларын жүргізуге тыйым салу көзделеді. Спорт ғимараттары, спорттық бұқаралық ақпарат құралдары мен спортшылардың жабдықтарын қоспағанда, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасына шектеу енгізіледі. Ойын мекемелерінде, букмекерлік кеңсенің және тотализатордың кассаларында бәс тігуге қатысудың тәуекелдері мен қауіптері туралы ескертулер орналастырылады. Лотерея билеттерін таратуға, сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үйлерде, жатақханаларда, балалар, білім беру, медициналық және мәдениет ұйымдары, ғибадат және діни ұйымдар орналасқан ғимараттарда лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады. Елді мекендерде лотерея клубтарының санын шектеу бойынша норма қарастырылады.

«Төлемдерді қабылдау пункттерінің басым бөлігі букмекерлік кеңселердің меншігінде емес екендігін атап кеткен жөн. Мұндай пункттер мөлшермелерді қабылдамайды және ұтыстарды төлемейді. Яғни «Ойын бизнесі туралы» Заңға сәйкес букмекерлік кеңсенің электрондық кассасы болып саналмайды. Әдетте төлемдерді қабылдау пункттерінде букмекерлік кеңселердің тұтынушылары дербес шоттарын толықтырады және олардың иелері букмекерлік кеңселермен азаматтық-құқықтық қатынастар аясында жұмыс жасайды. Осыған орай, уәкілетті органға төлемдерді қабылдау пункттерінің қызметін реттеу бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу тапсырылды», - деді Әлихан Смайылов.


Соңғы жаңалықтар