16:23, 13 Мамыр 2009 | GMT +5
Елімізде дәрі-дәрмектерді сатып алу және тарату жөніндегі бірыңғай жүйенің операторы құрылды
АЛМАТЫ. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматыда Қазақстанның мемлекеттік медициналық мекемелеріне дәрі-дәрмектерді сатып алу және тарату бағытында құрылған бірыңғай жүйенің операторы «СК-Фармация» өкілдері баспасөз мәслихатын өткізіп, мекемені құрудағы басты мақсаттар мен міндеттерді жария етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Баспасөз мәслихатында айтылғандай, «СК-Фармация» отандық фармацептикалық өндірісті дамыту, мемлекеттік дәрі-дәрмекпен қамтуда отандық өнімдердің үлесін арттыру, бірыңғай ақпараттық жүйе құру мақсатында құрылған.Дәрі-дәрмек нарығында мемлекеттік сатып алу үлесі жалпы дәрі нарығының 40 пайызы көлемінде. Сарапшы мамандардың бағалауынша, ол 115 миллиард теңгені құрайды. Бұның ішіндегі отандық дәрі-дәрмектің үлесі жалпы нарықтың 10 пайызын ғана құрайды, қалған 90 пайызы шет елдердің үлесінде. Осыған байланысты Елбасы отандық дәрі өнімдерін өндірушілердің жұмысын жандандыру, жаңа өндіріс орындарын ашуды тапсырған болатын. Сондай-ақ бұл мәселе Үкімет жанынан құрылған комиссия мен «Самұрық-Қазынаға» тапсырылған болатын.Бүгінгі күні «Самұрық-Қазынаның» қатысуымен құрылған «СК-Фармация» ЖШС алдағы уақытта сатып алудың тиімді жүйесін құру мен тасымалдау, сақтау мәселесін шешуге бағытталған шаралар қабылдауда. Сондай-ақ «мемлекеттік сатып алу туралы» заңға өзгерістер енгізілген және сатып алатын дәрілер тізімі жасалған.