Елімізде дәстүрлі медицинаның қай түрлері лицензияланған

«Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде клиникалық хаттамаларға, медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарттарына негізделген медицина ресми деп танылады. Дәстүрлі медицина – ғасырлар бойғы дәстүрлерге негізделіп, медициналық қолдануға рұқсат етілген профилактика, диагностика, емдеу және оңалту әдістерінің жиынтығы. Қазақстан Республикасының заңнамасында дәстүрлі медицинаның нақты түрлері бойынша медициналық қызмет көрсетуде лицензияның болуы міндеттеледі. Оған гомеопатия, гирудотерапия, мануалды терапия, рефлексотерапия, шөп медицинасы және табиғи дәрі-дәрмектермен емдеу жатады. Осылайша, дәстүрлі терапияны қоса алғанда, медициналық қызметті нақты мамандық бойынша сертификаты бар медицина қызметкерлері ғана жүзеге асыруға құқылы», - делінген министрлік жауабында.
Сондай-ақ, министрлік азаматтардың халық емшілері қызметіне жүгінетінін растап отыр.
«Алайда, халық емшілігі медициналық қызмет емес және оның кесірінен денсаулыққа зиян келген жағдайда қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Мысалы, халық емдерінің бір түрі – хиджама (қан шығару). Ол медициналық технология емес және жұқпалы аурулардың, оның ішінде АИТВ, вирустық гепатиттер мен басқа да дерттердің таралу қаупі бар, яғни заңсыз қызмет», - деп түсіндірді ведомстводан.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексте «Дәстүрлі медицина. Емдеу» дейтін арнайы бап бар. Бұл дегеніміз – дәстүрлі медицинаның ғасырлар бойғы тәжірибесіне негізделген алдын алу, диагностика, емдеу және оңалту әдістері.
«Бүгінде емшілер дәстүрлі медицинамен дайындығы және қосымша білімі болмаса да айналыса алады. Бұл көбіне аурудың асқынуына алып келеді. Ақырында пациенттердің денсаулығына теріс әсер етеді», - дейді Денсаулық сақтау министрлігінен.