Елімізде еңбекшілерге төленбеген жалпы қарыздың сомасы 90 млрд. теңгеге жуықтап қалған - Л. Мартынов

АСТАНА. Мамырдың 26-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Елімізде еңбекшілердің атқарған жұмыстарына төленбеген жалпы қарыздың сомасы 90 млрд. теңгеге жуықтап қалған. Бұл туралы бүгін Астанада өткен ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысында аталмыш комиссияның мүшесі Леонид Мартынов мәлім етті,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, еңбек қатынастары саласында, халықтың табыстарын әділетті бөліп беруде, Еңбек кодексін сақтауда әлі күнге дейін проблемалар орын алып отыр. «Кәсіподақтарды әсіресе еңбекшілерге атқарған жұмыстары үшін айлық жалақының төленбей жатқаны, яғни еңбекшілер құқықтарының қатаң түрде бұзылып жатқаны алаңдатуда. Еңбекшілердің заңды құқықтарын бұзу жөніндегі бұндай фактілер республикамызда жылдар бойы жалғасып келеді. Прокуратура өндіріп алу жөнінде шаралар қолданып жатқанымен, жыл сайын қарыз сомасы ұлғайып келеді. Қазіргі таңда еңбекке ақы төлеу бойынша жалпы қарыз 90 млрд. теңгеге жуықтап қалған», дейді Л. Мартынов.

Оның пікірінше, жалпы мұндайға тап болатындай елімізде ешқандай да төтенше жағдай немесе әскери жағдай жоқ. Сондықтан да, еңбекшілердің еңбек ақыларын төлемей жатқандарды Үкіметке шақырып, оларға қарызды есептесу туралы үзілді-кесілді талап қоятын уақыт жетті. «Ал, төлей алмайтындарға немесе төлегісі келмейтіндерге қылмыстық қудалау шараларын қолдану қажет. Еңбекшілердің маңдай терімен тапқан еңбекақыларын өтетудің бұдан басқа амалы жоқ сияқты», дейді ол.

Л. Мартыновтың сөзіне қарағанда, Кәсіподақтар федерациясы жұмысшыларды заңсыз жұмыстан шығару үрдісі жалғасып жатқанын, еліміздің экономикалық тұрғыдан белсенді халқының үштен бірін құрайтын өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың проблемалары әлі шешілмегінін, азаматтарды жұмысқа алу кезінде жасына байланысты кемсітушілік фактілері болып тұратынын айтып, алаңдауда. «Ең бай және ең кедей адамдардың табыстары арасындағы айырмашылықтар ұлғайып барады. Кәсіподақтардың пікірінше, бюджет және ауылшаруашылығы саласының қызметкерлері республикамызда ең төменгі жалақы алады, бұл әділетті емес. Олардың жалақысы индексацияланбайды. Күнкөрім минимумының және ең төменгі айлық жалақының шегін анықтау әдістемесін қайта қарау қажет. Қазіргі таңдағы қолданыстағы параметрлер заманға сай емес, олар еңбек құнына сәйкес келмейді және жұмыс күшінің ұдайы өндірісінің шығынын жаппайды», дейді Л. Мартынов.

Соңғы жаңалықтар