Елімізде көктемгі егіс науқанына 60 млрд теңге бөлінді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 60 млрд теңге бөлінді, деп xабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің департамент басшысы Ажар Қажыбековаға сілтеме жасап.
None
None

Аталған қаражат жалпы 3 млн га егістік алқабына дән себуді қамтиды, сондай-ақ 1 500 АӨК субъектілерін қаржыландыру көздейді.

Ажар Қажыбекованың сөзінше, биылғы жылы көктемгі егіс жұмыстарына берілетін пайыздық мөлшерлеме айтарлықтай төмендетілді. Қазіргі таңда шаруалар тікелей «Аграрлық несие корпорациясынан» бұрынғы 5% кредиттің орнына 2% заемды ала алады. Ал егер несие екінші деңгейлі банк арқылы берілетін болса, соңғы қарыз алушы үшін кредиттеу мөлшерлемесі 6%-дан аспайды. Өйткені банкке қойылған мөлшерлеме 3,7%-дан 2%-ға дейін қысқартылды. Егер қаржыландыру кредиттік серіктестік немесе микроқаржы ұйымы арқылы жүзеге асырылатын болса, соңғы қарыз алушы үшін мөлшерлеме 6%-дан аспайтын болады. Бұл жағдайда да кредиттік серіктестік пен микроқаржы ұйымдары үшін кредиттеу мөлшерлемесі 5%-дан 3 % - ға дейін төмендетілді.

Корпорациядан несие алу үшін шаруалар тұрғылықты жерінде немесе жұмыс істеп жүрген жерлеріндегі 13 аймақтық филиалдың біріне, сондай-ақ Астана қаласында орналасқан орталық кеңсеге келіп құжаттарын ұсынуы тиіс.

Осы ретте, мемлекеттік қаражаттарды пайдаланудың тиімділігін және қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың жүктемелігін арттыру мақсатында қаржыландыру тетіктері басыңқы бағыттар бойынша жүзеге асырылады. Атап айтқанда, бірінші кезекте майлы дақылдар мен мал азығы дақылдары қаржыландырылады.

Еске сала кетейік, Қазақстанның астық өндірушілері де бюджеттік кредитті ала алады. Жоғарыда айтылғандай, мемлекеттік бюджеттен бөлінген 60 млрд теңгенің 22 миллиарды 1 сәуірге дейін басымдыққа ие дақылдар үшін сақталады. Қалған 38 миллиард теңге өзге дақылдарға, соның ішінде бидайға да үлестіріледі. 1 сәуірден соң 22 млрд теңге резервтен алынып, игерілмеген қаржы болса ерекшелігі мен басымдықтарға қарамай барлық дақылдарға беріле бастайды.

 

Соңғы жаңалықтар