Елімізде лицензиялы күзетпен қамтылған білім беру ұйымдарының саны 7 есеге артты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Үш жылда дабыл түймесі қойылған білім беру ұйымдарының саны 21 есеге артты. Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тоқсан сайын министрлік білім ұйымдарында қауіпсіздік талаптарының сақталуына мониторинг жүргізіп келеді. Оның қорытындылары жүйелі түрде Үкімет деңгейінде талқыланады. Білім беру ұйымдарында қауіпсіздік жүйелерін қамтамасыз етуде жалпы оң қарқын бар екенін айтқан жөн. Мәселен, 2020 жылмен салыстырғанда жедел басқару орталықтарына қосылған білім беру ұйымдарының саны 11 есеге (2020 ж. – 500, 2023 ж. –5 588), лицензияланған күзетпен қамтылған білім беру ұйымдарының саны 7 есеге (2020 ж. - 275, 2023 ж. –1 947), дабыл түймесі қойылған нысандар саны 21 есеге (2020 ж. - 115, 2023 ж. – 2 404), турникеттері бар білім беру ұйымдарының саны 6 есеге артты (2020 ж. - 271, 2023 ж. – 1 584)», - деді Е. Оспан Мәжілісте мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік жүйелері тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысында.

Оның айтуынша, биылғы 1-тоқсанда білім беру нысандарын кешенді қауіпсіздік жүйесімен қамтамасыз етудің жай-күйін зерделеу бойынша мониторинг жүргізілді.

«Республика бойынша 162 мониторингтік топ жұмыс істеді. Мониторингтік топтардың құрамына жергілікті атқарушы органдардың, білім саласында сапаны қамтамасыз ету, полиция, төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттердің және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кірді. Мониторинг барысында 10 мыңнан аса білім беру нысаны тексерілді (10 061 білім беру ұйымы: 2 654 балабақша, 6 935 мектеп және 472 колледж)», - деді вице-министр.


Соңғы жаңалықтар