Елімізде «Назар аударыңыз! Теміржол көлігі» сақтандыру іс-шарасы өткізілуде
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл шараның мақсаты - теміржолдан өту кезінде адамдармен болатын қайғылы жағдайлардың алдын алу болып табылады.
«Статистикаға сәйкес 2009 жылы республикада адамдарды басып кету фактілері бойынша 94 көлік оқиғасы тіркелді, олардың салдарынан 55 адам қайтыс болды. Ал 2010 жылдың 5 айында теміржол көлігінің адамдарды басып кетуі бойынша 40 факті тіркелді, оның ішінде 26 оқиғада адам қаза болды, 18 адам жарақат алды. Теміржолдан өту кезінде адам өлімінің орын алуының басты себебі жаяу жүргіншілердің жолдан рұқсат етілмеген орындардан өтуі болып табылады», делінген аталмыш ведомствоның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Аталған іс-шара көліктегі желілік ішкі істер бөлімі және әскерилендірілген теміржол күзетімен бірге өткізілуде.
Бұл шараны өткізу барысында теміржол арқылы өту тәртібі жөнінде жолаушылар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, көліктік бақылау органдары стансылық жолдарда жаяу жүргінші төсемінің, сілтемелік және сақтандыру жазуларының болуы, тиісті ақпарат трансляциясының, сонымен бірге дауыстап хабарлау байланысының болуы жөнінде тексерулер жүргізуде.
ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Көліктік бақылау комитеті мыналарды хабарлайды: Белгіленбеген орындарда теміржолдан өтуге қатаң тыйым салынады! Өтуді тек жаяу жүргінші жолы және көпір арқылы жүзеге асыру қажет. Абай болыңыздар, себебі теміржол аса жоғары қауіпті аймақ болып табылады. Теміржолдан өту ережесін бұзушылық үшін Қазақстан Республикасының заңнамасымен әкімшілік айыппұл көзделген.