12:01, 19 Мамыр 2009 | GMT +5
Елімізде оқушылардың және мемлекеттік қызметке үміткерлердің есірткіге тәуелділігін анықтау үшін жаппай тестілеу жүргізілмейтін болды
АСТАНА. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Елімізде оқушылардың және мемлекеттік қызметке үміткерлердің есірткіге тәуелділігін анықтау үшін жаппай тестілеу жүргізілмейтін болады.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында Ішкі істер министрі Серік Баймағанбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Оқушыларды және мемлекеттік қызметке үміткерлерді міндетті тестілеу жүргізілмейтін болады. Ішкі істер министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп аталмыш мәселені мұқият зерттеді. Содан кейін тек «тәуекел тобына» жататындарды, яғни полицияға күшпен әкелінген кәмелет жасқа толмағандарды және оқу орындарының есірткі постыларында тіркеуде тұрған оқушыларды тестілеумен қамту қажет деген шешімге келді», - деді С. Баймағанбетов. Айта кетейік, бұдан бұрын Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаменті бастығының орынбасары Ернұр Уәли Ішкі істер министрлігі есірткіге қатысы бар азаматтарды анықтау үшін міндетті түрде оларды жаппай тестілеуден өткізу қажет деген талап қойып отырмағанын мәлімдеген болатын. «Қазіргі таңда бұл мәселеге қатысты айтылған ұсыныс-пікірлердің барлығы мұқият тексерілуде. Денсаулық сақтау министрлігі де әзірге жаппай тестілеудің тиімділігіне қатысты қандай да бір мәлімет берген жоқ. Бұған қатысты келтіретін бір ғана мысал бар. 2006 жылы Алматыда 5 мың 330 адам осындай тестілеуден өткен. Оның 0,5 пайызы ғана оң нәтиже берді. Ішкі істер министрлігі сонымен қатар тестілеу шараларының халықаралық нормалар мен еліміздің басты заңының талаптарына толық сәйкес екендігіне де күмән келтіріп отыр», - деген болатын ол.