Елімізде пәтер саны аз үйлерді басқарудың жаңа тәртібі енгізілмек
«Заң көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару тетігін жақсартуға және тұрғын үй қатынастары субъектілерінің кейбір функцияларын нақтылауға; кондоминиум объектілерін басқару және күтіп ұстау жөніндегі қызметте ашықтықты қамтамасыз етуге және осы процеске пәтер иелерін, тұрғын емес үй-жайларды белсенді тартуға бағытталған. Бүгінгі таңда елімізде көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындары алдында бірқатар проблема бар: тұрғын және тұрғын емес үй-жайлар иелерінің белсенділігінің төмен деңгейі, кондоминиум объектілерін тіркеудегі мәселелер, сервистік компаниялармен шарттар және басқа да кемшіліктер», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бауыржан Қаниев.
Оның айтуынша, 2019 жылы қабылданған мүлік меншік иелерінің бірлестігіне көшу жөніндегі нормалар әлі толық көлемде іске асырылмаған. Басқарудың жаңа нысандарына көшу реформасы аясында көппәтерлі тұрғын үйлердің 85%-ы жай серіктестік нысанына көшті, ал мүліктің меншік иелері бірлестігін небәрі 11,5% -ы таңдады. Сонымен қатар, 1436 көппәтерлі тұрғын үй әлі күнге дейін басқарудың ешқандай түрін таңдаған жоқ.
Заңда кондоминиум объектісін басқарудың жеке нысанын – тікелей бірлесіп басқару нысанын құру көзделеді. Бұл нысан пәтерлер саны он алтыдан аспайтын тұрғын үйге қатысты қолданылады. Жай серіктестік құру үшін де пәтерлер санын шектеу ұсынылады. Ол отыз пәтерден аспайтын тұрғын үйлерде құрылуы мүмкін. Қалған көппәтерлі тұрғын үйлер үшін мүліктің меншік иелері бірлестігі нысаны қолданылуы тиіс.
«Осыған орайда Заңда қарапайым серіктестік құру кезінде пәтерлер саны бойынша 30 пәтерге дейін шектеу енгізу ескерілген. Бұдан басқа, республика бойынша шамамен 10 211 аз пәтерлі үй бар. Мұндай үйлерде пәтерлердің санының аз болуы себепті мүліктің меншік иелері бірлестігіне немесе қарапайым серіктестікке тиімсіз. Бұл тұрғыда басқарудың жаңа нысанын, яғни тікелей бірлесіп басқару ұсынылады. Бұл нысанды пәтерлер саны 16-ға дейінгі үйлер үшін жасауға болады», - деді сенатор.
Заңда тұрғындар арасында басқару нысанын таңдау туралы келісім болмаса, онда тиісті қадамдар ескеріліп отыр. Осы орайда жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй инспекциясына бір жылға дейінгі мерзімге уақытша басқарушы компанияны анықтауға мүмкіндік беру туралы норма енгізіліп жатыр.
Сонымен қатар, кондоминиум объектісін басқарудың жаңа нысандары құрылғанша құрылыс салушыға алты айға дейінгі мерзімге басқарушы компанияны тартуға мүмкіндік беретін норма қарастырылған.
«Бұл заңда көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарусыз және күтіп-ұстаусыз қалдырмауға мүмкіндік беретін бірқатар нормалар енгізіліп отыр», - деді депутат.