Елімізде пәтер тонау 30 пайызға төмендеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жылдың 4 айында елімізде пәтер тонау 30 пайызға қысқарды. Бұл жайында ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елімізде пәтер тонау 30 пайызға төмендеді

«Толықтай алғанда, қабылданған іс-шаралар соңғы 5 жылдың ішінде пәтер ұрлығының санын 67 пайызға төмендетуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар оң үрдіс осы жылы да байқалып отыр. Биыл 4 айдың ішінде олардың саны 30 пайызға қысқарды. Бұған қоса, мұндай қылмыстарды ашу 13 пайызға жақсарды», - деді ол Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі алаңында өткен брфинг барысында.

Сонымен қатар ол Ішкі істер министрлігі пәтер ұрлығының алдын алуға бағытталған республикалық іс-шараны тұрақты түрде өткізетіндігін айтты.

«Криминогендік ахуалға алдын алу іс-шаралары оң ықпалын тигізіп отыр. Ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомстволық бағдарламаны жүзеге асыру аясында тұрғын үйлердің аулаларына 54 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылды. Сонымен қатар тұрғындардың бастамасымен 14 мыңнан астам құрылғы қойылды. Бұл жұмыс жалғасып жатыр», - деді Қанат Нұрмағамбетов.