Елімізде сотталғандардың саны үш есе қысқарған
- Көптеген елдердің түрмелерінде жоғары технологиялық өндіріс бар. Еңбек ету міндетті болып саналады, ал кәсіпорындар салықтық преференция алады. Жұмыспен қамту сотталғандарды ұстаудың маңызды элементтерінің бірі болуда. Осылайша, сотталғандарды жұмысқа орналастыру әлеуметтік және экономикалық жағынан да тиімді. Қазақстан өз тәуелсіздігін алғалы бері құқықтық қатынастарды ізгілендіру саясатын, оның ішінде қылмыстық жазаның орындалуын жүйелі түрде әрі тұрақты түрде ұстанып келеді. Ізгілендіру ұстанымы басымдыққа ие болып, Қазақстанның қазіргі қолданылып жүрген 2020 жылға дейінгі құқықтық саясатының тұжырымдамасына енгізілген, - деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Оның айтуынша, биыл жаңа ҚК, ҚПК және ҚАК қабылдануы маңызды қадам болды. Сонымен қатар, Қазақстанда түрмеге қамалушылардың саны да жыл сайын азайып келеді. Тәуелсіздік жылдары ішінде сотталғандардың саны 140 мыңнан 48 мың адамға дейін қысқарған.
- Егер 90-шы жылдардың басында түрмелерде 140 мыңға дейін адам жазасын өтесе, биылғы жылы бұл сан 48 мың адамды құрайды. Бас бостандығынан айырумен байланысты емес, баламалы жазаның үлесі артып келеді. Қазір, PRI жобасында ұсынылғандай, 2018 жылға дейін сотталғандарды жұмыспен қамтуды 75 пайызға жеткізу міндеті қойылып отыр, - деді Г.Әбдіқалықова.
Дәл осы жиынға қатысқан ҚР прокурорының орынбасары Жақып Асанов болса Қазақстан түрмелеріндегілердің саны 4% қысқарғанын айтты.
- Соттар баламалы жазалауды көптеп қолданатын болды. 2014 жылы оның үлесі 65% құрады, ал бас бостандығынан айыру - 35%, бұл кеңес дәуірін қоса алғанда еліміз үшін рекордты ең аз көрсеткіш. Біз халықаралық стандарттарға сай, түрме ең ауыр жағдайда ғана қолданылатын кезге таяп келеміз. Биыл соттар мерзімінен бұрын шартты түрде босатуды, болмаса жаза түрін бас бостандығынан айырудан басқа баламалы түрге ауыстыруды 26% жиі қолданды. Сотқа дейін татуласушылар саны 4 есе артты, - деп хабарлады Жақып Асанов.
Оның айтуынша, егер 2012 жылы татуласушылар саны 10 мың болса, 2014 жылдың ішінде 40 мың қылмыстық іс сотқа жетпей тоқтатылды. Сондай-ақ тергеу барысында тұтқынға алу 11% азайды, себебі прокурорлар тұтқынға алудың орнына кепілді жиі таңдай бастады. Биыл бұл әдіс былтырғыға қарағанда 268 рет көпқолданылды.
- Болжам бойынша, 2 жыл ішінде еліміздің индексі 40-тан 30-ға дейін көтеріліп, 10 позицияға жақсаруы тиіс. 2014 жылы түрмеге түскендер саны 1953 адамға немесе 4% қысқарды. Егер 2013 жылы олардың саны әр 100 мың азаматқа 290 келсе, осы жылғы 9 желтоқсандағы жағдай бойынша олардың саны әр 100 мың адамға 275 сотталушыдан келеді. Мынадай парадокс пайда болды: үш жыл ішінде тіркелген қылмыстар саны үш есе артты, бірақ тұтқындар саны азайды, - деп атап өтті Ж.Асанов.