Елімізде учаскелік полиция қызметкерлері жетіспейді - ІІМ

 АСТАНА. 19 қараша. ҚазАқпарат - Елімізде учаскелік полиция қызметкерлері жетіспейді. Бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағтында баяндама жасаған Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов осылай мәлім етті.

Елімізде учаскелік полиция қызметкерлері жетіспейді - ІІМ

«Полицияның учаскелік инспекторы - бұл қылмыстың алдын алудағы басты тұлға. Учаскелік полицеймен көп нәрсе атқарылады. Олардың қатысуымен жүздеген қылмыстар ашылып, көптеген әкімшілік құқық бұзушылықтарға тосқауылдар қойылады. Дегенмен, осы қызметтің әлеуеті әлі де толық игеріліп жатқан жоқ», - дейді Қ. Қасымов.

Оның айтуына қарағанда, учаскелік полицейлердің сотталушылармен профилактикалық жұмыстарын әлі де тиімді ету қажет. Жайсыз отбасылардан келетін оқыс оиғалардың алдын алуда да олқылықтар баршылық.

«Бүгінгі таңда учаскелік полицейлер қылмыс жасауға бейім 18 мыңнан астам тұлғамен жұмыс істеп жатыр. Айтайын дегенім, бізде учаскелік полиция қызметкерлері жеткіліксіз. Оны қалыпты деңгейге жеткізу үшін елімізде 733 учаскелік полиция, 2830 олардың көмекшілері қажет.  Сонымен қатар, қалалар мен елді мекендерде 385 учаскелік пункттер ашылуы керек», -деді министр.